Әдемі кадр әлі де оқиға емес: Азамат Дулатовпен әңгіме
Қымбат камера неге көркем ойдың орнын баса алмайды, «Қаш» фильмінде қараңғылық қандай рөл атқарады және актер үшін алдын ала дайындалған кадрды қашан өзгерту керек?

Almaty Indie Film Festival-мен әңгімесінде кинооператор Азамат Дулатов фильмнің визуалды тілі қалай қалыптасатынын — сценарийді алғаш оқудан бастап жарықпен, қозғалыспен және түсірілім алаңындағы адамдармен жұмыс істеуге дейінгі жолды түсіндіреді. «Қаш», «Она» және «Шакал» фильмдері, түсірілім тобының көзге көрінбейтін еңбегі мен ең қымбат техниканың өзі алмастыра алмайтын дайындық мәдениеті туралы сөйлестік.
Оқиғаны көре білу
Кинооператор мамандығына қалай келдіңіз?
Бәрі бейнеге деген қызығушылықтан басталған шығар. Бала кезімнен сурет салуды, айналамдағы дүниені, адамдарды, жарықты бақылауды ұнататынмын. Бір жердің тәулік мезгіліне, ауа райына немесе жарыққа қарай мүлде басқаша көрінуі мені үнемі қызықтыратын.
Мектепте оқып жүргенде-ақ сурет салумен байыпты айналыса бастадым. Кейін Жүргенов атындағы өнер академиясының кинооператорлық факультетіне түстім.
Алғашында, әрине, киноның визуалды жағы көбірек қызықтырды. Әдемі кадрлар, өзгеше ракурстар, камера қозғалысы, жарық. Тәжірибе жасап, жаңа нәрселерді байқап көргім келетін.
Бірақ уақыт өте келе операторлық жұмыс тек әдемі бейне жасаумен шектелмейтінін түсіне бастадым. Бұл — оқиғаны сөзсіз баяндау мүмкіндігі.
Кейде бір көзқарас, камераның бір қозғалысы немесе дәл табылған жарық тұтас диалогтан әлдеқайда көп нәрсе айта алады.

Сценарийді алғаш оқығанда қандай ой туады және фильмнің визуалды тілі қалай қалыптасады?
Сценарийді алғаш оқығанда техника туралы мүлде ойламауға тырысамын. Әуелі оқиғаның өзін сезінуім керек. Кейіпкерлерді, олардың ішкі күйін, өздері өмір сүретін әлемнің атмосферасын түсіну маңызды.
Әдетте алдымен белгілі бір сезімдер мен бейнелер пайда болады. Кейде ол — белгілі бір жарық, кейде түс, кеңістік немесе қозғалыс.
Бірақ бірден нақты кадрларға байланып қалмауға тырысамын. Өйткені фильмнің визуалды тілі оқиғаның өзінен тууы керек, керісінше емес.
Содан кейін бәрін режиссермен талқылай бастаймыз. Бұл қандай әлем? Көрермен оны қалай қабылдауы керек? Кейіпкер не сезінеді? Фильм барысында оның күйі қалай өзгереді?
Бір тұста камера сабырлы, тіпті байқалмайтындай болуы керек. Ал басқа тұста, керісінше, кейіпкермен бірге қозғалып, бірге тыныстап, оған барынша жақын болуы қажет.
Жалпы, фильмнің өзіне тән бейнелеу мәнері болғанын ұнатамын. Жарық, композиция, түс пен камера қозғалысы бір-бірінен бөлек өмір сүрмей, бір оқиғаға қызмет етсе деймін.
Операторлық шешім көрерменге оқиғаны сезінуге қалай көмектеседі?
Меніңше, операторлық жұмыстың ең қызық сәті — көрерменнің сахнаның қалай түсірілгені туралы мүлде ойланбауы.
Мысалы, «Она» фильмінде камераны рельспен қозғалттық. Бірақ көрермен болып жатқанды табиғи қабылдауы үшін қозғалысты барынша бірқалыпты әрі байқалмайтындай жасауға тырыстық. Тіпті кейбір әріптес операторлар да камераның қозғалып тұрғанын бірден байқамады.
Тағы бір мысал — жобалардың біріне түсірген велосипед тепкен бала бар сахна. Камераны велосипедке бекітіп, баламен қатар жүрдік.
Нәтижесінде бала бір орында тұрғандай, ал айналасындағы бүкіл әлем жанынан зулап өтіп жатқандай көрінді.
Техникалық тұрғыдан бұл қызық тәсіл, бірақ мен үшін одан туатын сезім маңыздырақ. Біз баланы сырттай бақылауды қойып, қозғалысты онымен бірге сезіне бастағандай боламыз.
Жарық, қараңғылық және тірі адам
Жарық сахнаның әсерін қалай өзгертеді? Ал нені әдейі қараңғыда қалдырасыз?
Мысалы, «Қаш» фильмінде киіз үй мен үңгірде өтетін сахналар бар. Екеуінде де негізгі жарық көзі от болды. Бір қарағанда, бірдей жылы от жарығы сияқты, бірақ осы екі кеңістікте ол мүлде басқаша жұмыс істейді. Өйткені драматургиясы, жағдайы және кейіпкерлердің ішкі күйі бөлек.
Дала ұлан-ғайыр, шексіз, айналаң толған кеңістік қой. Бірақ мен сол кеңістіктің бәрін жарықтандырмауға саналы түрде тырыстым. Егер сахнада алау болса, негізгі, кейде тіпті жалғыз дерлік жарық көзі сол болатын. Қалғанының бәрі қараңғылыққа сіңіп кететін.
Мұның мен үшін өзіндік философиясы бар еді. От — жарық, ал жарық — білім, өмір, үміт.
Енді көз алдыңызға шексіз даланы елестетіңіз: айнала қап-қара, ал дәл ортасында кіп-кішкентай жарық көзі бар. Осы бейне арқылы айналамыздағы дүниеде сол жарықтың қаншалықты аз екенін және адам үшін қаншалықты маңызды екенін жеткізгім келді.
Ал кейіпкерлер түнгі даламен жүріп, сахнада ай болғанда, мүлде басқа сипаттағы жарықты қолданамыз. Суық, қатал ай сәулесін. Мұнда оттың жылуы да, қорғаныш сезімі де жоқ. Адам орасан кеңістікпен бетпе-бет қалады.
Драматургиялық қажеттілік болмаса, осы екі көзді араластырмауға тырыстым. Кадрда алау болса, оған айдың айқын сәулесін қоспадым. Негізгі жарық көзі ай болғанда, отты алып тастадық. Екеуі бір-бірімен таласпай, әр сахнаның жарық сипаты анық болғанын қаладым.
Меніңше, көрерменге үнемі бәрін көрсету міндетті емес. Кейде кадрдан тыс қалған нәрсе әлдеқайда күшті әсер етеді.
Көрермен бейнеге жай қарап қана қоймай, оны ойша толықтыра бастағанын ұнатамын.
Кейде беттің бір бөлігін, адамның сұлбасын немесе кадрдан тыс бір нәрсеге білдірген реакциясын көрсету жеткілікті.
Меніңше, киноның үлкен күші осында. Өйткені кейде көрерменнің қиялы біз тікелей көрсете алатыннан әлдеқайда қуатты бейне тудырады.
Мұқият дайындалған кадр актерге кедергі келтірсе, не істеу керек?
Мен үшін актер мен оның ішкі күйі мінсіз құрылған кадрдан әрдайым маңыздырақ.
Камераның күрделі қозғалысын, жарық пен композицияны дайындауға бірнеше сағат жұмсауға болады. Бірақ актер өзін жайсыз сезінсе, үнемі техникалық шектеулерді ойлап тұрса, бұл сахнаның табиғилығын жойып жіберуі мүмкін.
Сондықтан мен болып жатқанды камераға бейімдеуге мәжбүрлемей, операторлық жұмысты сол әрекетке сай құруға тырысамын.
Әрине, бәрін өте дәл есептеу қажет күрделі сахналар болады. Камера мен актерлердің қозғалысы, жарық, фокус — бәрі үйлесімді жұмыс істеуі керек. Бірақ мұндайда да актерге еркін әрекет етуге кеңістік қалдыру маңызды.
Кейде жарықты, камераның орнын өзгертуге немесе бастапқы шешімнен бас тартуға тура келеді.
Жақсы кадр актердің жақсы ойынына кедергі келтірмеуі керек.
Жақсы кадр актердің жақсы ойынына кедергі келтірмеуі керек.
Кадрдың ар жағындағы адамдар
Әсіресе уақыт пен техника жетіспегенде, түсірілім тобы күрделі кадрды қалай жүзеге асырады?
Жалпы, киноны жалғыз жасау мүмкін емес деп есептеймін.
Қоюшы оператор визуалды шешімге жауап береді, бірақ оны үлкен ұжым жүзеге асырады.
Гафер, жарық қоюшылар, фокус-пуллер, камера механигі, грип тобы — әрқайсысының өзіне тән өте маңызды міндеті бар.
Кейде көрермен небәрі бірнеше секундтық бейнені көреді. Ал сол секундтардың артында сағаттарға созылған дайындық пен ондаған маманның еңбегі тұрады.
Мысалы, «Шакал» фильмін түсіргенде камераны екінші қабаттан төмен қарай күрделі, үздіксіз қозғалыспен түсіру міндеті болды. Ол үшін шағын жүк көтергішті пайдаландық.
Экранда көрермен әрекеттің бір бөлігі ретінде қабылдануы тиіс камера қозғалысын көреді. Бірақ оның артында ауқымды техникалық дайындық, камера және техникалық топтардың үйлесімді жұмысы тұр.
Тапсырманы жай орындап қана қоймай, сенімен бірге ойланып, шешім ұсынатын мамандарды қатты бағалаймын.
Түптеп келгенде, жақсы кадр — әрдайым бірлескен еңбектің нәтижесі.
Ең жиі кездесетін шектеу — уақыт шығар. Ол үнемі дерлік жетіспейді.
Кейде күрделі сахнаң, жақсы идеяң болады, бірақ қалаған техниканың бәрін қолдануға мүмкіндік жоқ. Сонда басқа шешімдер іздеуге тура келеді.
Өйткені кейде шектеулер сені қызығырақ ойлауға жетелейді. Тек техникаға сүйенуді қойып, оқиғаны баяндаудың қарапайым, бірақ дәл тәсілдерін іздей бастайсың.
Сонымен бірге шектеулер нашар дайындықты ақтауға себеп болмауы керек деп есептеймін.
Кинода дайындық кезеңі өте маңызды. Түсірілімге дейін бәрін неғұрлым жақсы ойластырсақ, алаңда соғұрлым еркін боламыз.
Әлеуметтік желілерде киноның қалай жасалатынын көрсетесіз. Дайын кадрдың артында не көрінбей қалады?
Операторлық жұмыс әдемі ракурс таңдаған камера ұстаған адаммен ғана шектелмейтінін көрсеткім келеді.
Кейде түсірілім алаңынан адам сенгісіз күрделі жұмыс жүріп жатқан видеоларды жариялаймын. Үлкен құрылымдар, ондаған адам, жарық, камералар, қозғалыс, техника.
Содан кейін дайын кадрды көрсетемін. Ал фильмде ол кәдімгі таң, кәдімгі көше немесе әбден табиғи жағдай болып көрінеді.
Біз орасан уақыт жұмсап, тұтас бір әлем жасай аламыз, ал көрермен мұның бәрін жасау қаншалықты қиын болғанын байқамай да қалады.
Кейде өте қарапайым нәрселерді де көрсеткім келеді. Мысалы, жаңбыр жауып тұр, камера қозғалмайды, жарық кеңістікке әдемі түседі. Ерекше ештеңе болып жатқан жоқ, бірақ көңіл күй бар. Меніңше, оператор күнделікті өмірде осындай нәрселерді байқай білуі керек.
Өйткені кино камерадан емес, көре білуден басталады.
Instagram-нан видеоны көру · Азамат Дулатовпен Film Crew Magazine ↗
Тәжірибе артқан сайын жақсы операторлық жұмыс туралы түсінігіңіз қалай өзгерді?
Алғашқы жұмыстарымды көргенде, сол кезде тәжірибе жасауға қаншалықты құмар болғанымды байқаймын. Күрделі кадрлар түсіріп, өзгеше ракурстар іздеп, жаңа техникалық шешімдерді байқап көргім келетін.
Тәжірибе жасау арқылы бейнені, жарықты, камера қозғалысын жақсырақ түсіне бастайсың.
Қазір күрделілігімен таңғалдыратын кадр жасау мен үшін бұрынғыдай маңызды емес. Оқиғаның күйін дәл жеткізетін бейне жасау әлдеқайда қызығырақ.
Кейде ең қарапайым статикалық кадр камераның күрделі қозғалысынан әлдеқайда әсерлі болады.
Соған қарамастан, әлі де тәжірибе жасауды жақсы көремін. Жаңа технологияларды, камера, оптика мен жарықтың жаңа мүмкіндіктерін зерттеу қызық.
Меніңше, оператор әлемді жаңаша көруді үнемі үйреніп отыруы керек.
Бәрін білемін деп ойлай бастаған сәтте даму тоқтайды.

Әлемдегі ең қымбат камера сенде болуы мүмкін. Бірақ идея, оқиғаны түсіну және жақсы команда болмаса, ол ештеңе шешпейді.
Бүгінде Қазақстан киносына не жетіспейді?
Меніңше, бізде талантты адамдар өте көп. Жақсы режиссерлер, операторлар, суретшілер, актерлер, техникалық мамандар бар.
Бірақ өндірісте жүйелілік әлі де жетіспейді.
Ең алдымен — толыққанды дайындық. Сценариймен жұмыс істеуге, локация іздеуге, визуалды тұжырымдама мен техникалық жоспарлауға уақыт керек.
Кейде түсірілім басталмай тұрып-ақ шешілуі тиіс міндеттерді тікелей түсірілім алаңында шешуге тырысамыз.
Мен ALASH RENT арқылы кәсіби кинотехниканы дамыту ісімен де айналысамын. Кинематографистеріміздің сапалы жабдық пен кәсіби техникалық шешімдерге қол жеткізуі мен үшін маңызды.
Бірақ мен үнемі техниканың өзі жақсы кино жасай алмайтынын айтамын.
Әлемдегі ең қымбат камера сенде болуы мүмкін. Бірақ идея, оқиғаны түсіну және жақсы команда болмаса, ол ештеңе шешпейді.
Индустриямыз тек техникалық жағынан емес, өндіріс мәдениеті тұрғысынан да дамыса деймін.

Сізге не үміт береді және нені көбірек көргіңіз келеді?
Мені ең қатты қуантатыны — кинематографистердің жаңа буыны.
Қазір жас режиссерлер мен операторлардың киноны үйренуге, әлемнің түкпір-түкпірінен жұмыстар көруге, тәжірибе жасап, өз тілін іздеуге мүмкіндігі әлдеқайда көп.
Бұрыннан бар шешімдерді қайталай бермей, өз дүниесін жасағысы келетін адамдардың көбейіп келе жатқаны ұнайды.
Мәдениетіміз де, тарихымыз да, табиғатымыз да өте бай. Қызықты мінездер мен жүздер бар. Осының бәрі шын мәнінде қуатты әрі өзіндік қолтаңбасы бар киноға негіз бола алады.
Батыл авторлық жобаларды, халықаралық ынтымақтастықты көбірек көргім келеді. Бейнеге оқиға баяндаудың дербес тілі ретінде көбірек мән берілсе деймін.
Бірақ өз даралығымызды жоғалтпау өте маңызды.
Өйткені меніңше, әлемге өзгенің киносын қаншалықты жақсы қайталай алатынымыз емес, өз тілімізбен қандай оқиғаларды айта алатынымыз қызық.



